Астанада дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған Shuttle Time оқытуы өтті

news

20 тамыз күні Астанада Қазақстан бадминтон федерациясының ұйымдастыруымен дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған халықаралық Shuttle Time білім беру бағдарламасы бойынша оқыту өтті.

Оқытуға Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Астана қаласынан келген 41 мектептің — зияткерлік мектептер, BIL лицейлері және жекеменшік білім беру ұйымдарының — мұғалімдері қатысты.

Shuttle Time бағдарламасы педагогтерді бадминтонды білім беру үдерісіне енгізуге дайындауға бағытталған. Оқыту барысында қатысушылар бадминтон сабақтарын ұйымдастыру әдістемесін, спорттың негізгі техникаларын және оқушыларды үйретудің практикалық тәсілдерін меңгерді.

Бағдарламаны жүзеге асыру аясында бадминтонмен қамтылатын оқушылардың әлеуетті саны 8 000-ға жуық.

Бұл жұмыс — Қазақстан бадминтон федерациясының мектеп спортын дамыту және бадминтонды білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізу бағытындағы бастамаларының жалғасы.

Бұған дейін Федерация мен BIL лицейлер желісі арасында бадминтонды оқу бағдарламасына енгізу, спорттық инфрақұрылымды дамыту және педагогтерді даярлау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Сонымен қатар Федерация еліміздің 50-ге жуық мектебіне спорттық құрал-жабдықтар табыстап, оқушылардың бадминтонмен тұрақты айналысуына қажетті жағдай жасауға үлес қосты.

Ал Shuttle Time бағдарламасы педагогтерге бадминтон сабақтарын сапалы өткізуге қажетті практикалық білім мен құралдарды беріп, спорттың мектептерде одан әрі дамуына мүмкіндік береді.

🏸 Бадминтон — мектептен басталады!

Қазақстан бадминтон федерациясы бадминтонды мектеп оқушылары үшін қолжетімді ету, педагогтерді даярлау және мектеп спортын дамыту жұмыстарын жалғастыра береді.